БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАБЫСТЫ САЛА

0
189

Еліміздегі балық шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келе жатса де, өкінішке орай, әлі де мемлекет тарапынан қолдау қажет етеді. Балық шаруашылығы және оның дамуы Қазақстан үшін маңызы жоғары. Біріншіден, еліміз «тоғызыншы территория» теңіздер мен мұхиттарға шыға алмайды. Екіншіден, біздегі балық еті елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, балық экспорттайтын шаруашылықтар бүгінде 3 миллион гектар жерді пайдаланады екен. Үшіншіден, балық еті – адам денсаулығына пайдалы, одан жасалатын өнімнен де түсім мол. Әлемдік талап бойынша әр адам орта есеппен жылына 16 келі  балық етін жеу керек. Алайда бізде бұл көрсеткіш төмен. Сол жайды реттеуге тырысуымыз қажет.

Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан Республикасының балық саласын дамыту жөнінде семинар кеңес өткізді. Еліміздің балық шаруашылығының қазіргі ахуалы мен даму перспективасы туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков, балық өсіру шаруашылықтарының басшылары: «KingFish» – М. Тұрсынәлі, «Қызылорда балық» – А. Ерхатов, «Хамит» – Б. Серманизов, «Шығыс универсал» – В. Асанов, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Қарашөкеев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады.

Балық саласы — ҚР ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. 5 жыл ішінде отандық балық өндірісі 2016 жылғы 1800 тоннадан биыл жоспарланған 10 мың тоннаға дейін 5 еседен астам өсті. Тек соңғы 8 айда ауланған және өндірілген балық көлемі 19%-дан астамға 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық өндірісінің көлемі 27%-ға 7,9 мың тоннаға дейін, балық аулау 16,4%-ға 23,4 мың тоннаға дейін өсті. Ішкі нарыққа балық өнімдерін жеткізу көлемі 8,7 мыңнан 10,5 мың тоннаға дейін (+20%) артты. Балықтың барлық көлемінің шамамен 60%-ы (20,8 мың тонна) экспортталады. Аталған салада 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балық аулау және балық өсіру секторындағы инвестициялық жобалардың рентабельділігі 20%-дан асады. Өсірілетін балықтың негізгі көлемі — шамамен 70%-ы Түркістан облысына тиесілі.

Балық өнімдері өндірісін ынталандыру үшін балық өсіру шаруашылықтарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу (25%), балық азығына жұмсалған шығындардың құнын өтеу (30%) және басқа да шаралар енгізілді. Жыл соңына дейін Салық, Су, Жер кодекстеріне, бірқатар сабақтас заңдарға түзетулер топтамасы қабылданады, олар балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды азайтуға және өсірілген балықтың өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылғы 1 қарашаға дейін әрбір облыс нақты индикаторларымен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді. «Әзірленіп жатқан балық саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда өндіріс әлеуеті жылына 600 мың тоннаны құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, экспорттың әлеуетті көлемі жыл сайын 300 мың тоннадан асады. Біз осы мүмкіндіктерді жеткілікті іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерімен бірлесіп балық шаруашылығындағы кооперацияны ынталандыру шараларын қарастыруды тапсырды. Әкімдіктерге қалалар мен басқа да елді мекендерде балық және балық өнімдерін сататын сауда павильондарын қою мәселесін пысықтау тапсырылды. А. Мамин жұмыс сапары аясында «Хамит» және «Vita» балық өсіру шаруашылықтарына барып, Қазақстанның балық шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады, сондай-ақ Шардара су қоймасы бөгетінің күрделі жөнделуімен және Шардара ГЭС-інің жаңғыртылуымен танысты.

Республикамыз бойынша балық шаруашылығының жай-күйіне жан-жақты тоқталсақ, бүгінде  Ауыл шаруашылығы министрлігі балық өнімдерін акваторилерде өсіруге ат салысқан шаруашылықтарға инвестициялық субсидия қарастырған.  Бұл көмек жобаның 20%-ын қаржыландырады. Аталмыш субсидия жабық су қоймаларында  балық өндірісін дамытуға бағытталған. Кез келген бизнес-жоспары бар немесе кепілзат қоя алатын кәсіпкерлер  қаржы институттарынан несие алуына болады. Сондай-ақ, бағалы балық тұқымын көбейту мақсатында мемлекеттің қаржыландыруымен «Атырау бекіре балығы зауыты», «Орал-Атырау бекіре балығы зауыты», «Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы», «Қамшылыбас балық тәлімбағы», «Петропавл балық тәлімбағы», «Майбалық балық тәлімбағы», «Қазақ өндірістік жерсіндіру стансасы» жұмысы жолға қойылған. Аталған кәсіпорындар 2015 жылы 168,4 млн астам бағалы балық тұқымдастарыныӊ шабақтарын өсіріп, су қоймаларына жіберген екен.

Бұдан бөлек, мемлекет 3-4 жылда бір рет су қоймаларын шіріген балдырлардан тазалайды. Мұндай шіріген «жасыл кілемдер» суды лайлап, қайық қозғалтқышының бұрандасын зақымдап, тереңдікте мекендейтін аса бағалы балықтардың өсуіне кедергі келтіреді. Әйтсе де, мемлекеттің жоғарыда айтылған көмектері жеке кәсіпкерлер үшін мардымсыз. Бұл салаға субсидиялар жеткіліксіз бөлінеді, арнайы балық шаруашылығына арналған несиелік бағдарламалар қарастырылмаған.

«Балық шаруашылығы мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Балықшылар табиғи қорлардан балық аулаумен шектеледі. Статистика агенттігің ақпараты бойынша, 2015 жылы аквакешендерде өсірілген тауарлық балықтардың көлемі 700 тоннаны құрады. Бұл бүкіл ауланған балық көлемінің 2 пайызына да жетпейді. Шетелде жағдай тіпті басқаша. Мәселен, Өзбекстанда қолдан өсірілген балық көлемі – 60 мың тонна. Қытайдың аквамәдениеті жалпы балық шаруашылығы көлемінің 70%-ын құрайды. Ал бізде табиғи су көздерінен балық аулау кесіренен елдегі оның қоры азайып бара жатыр. Қоршаған ортаны қорғау мен аталған шаруашылықты дамытудың бір жолы бар. Ол – аквамәдениетті дамытуды қолға алу», – дейді департамент сарапшысы.

Қазақстанға Ресей, Қытай және Норвегия секілді елдерден түрлі консервілер, мұздатылған күйде балық сүбесі, уылдырықтар, теңіз балығы мен асшаяндары тасымалданады. 2015 жылғы көрсеткіш бойынша, импортталған балық өнімдерінің көлемі 47 мың тоннаны құраған. Әйтсе де, шетелден келген тауарлар бірден тұтынушыға ұсынылмайды. Әуелі ветеринарлық және санитарлық тексеруден өтеді. Қай бір кезде камбала тұқымдас теңіз табанының улы екендігі туралы ақпарат шыққан-ды.

«Аталған мәліметтер ғылыми дәлелденбеген, ешқандай дереккөзі жоқ. Дегенмен, отбасы денсаулығын сақтау үшін, импорттан гөрі отандық балық өнімдерін пайдалануға кеңес беремін», – дейді Айжан Қарабаева.

Балық шаруашылығындағы түйіткілді мәселелерді бірнешеге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, кейбір көлдердің суы сарқылып, айдыны азайып бара жатыр. Мәселен, Арал теңізінің көлемі 1960 жылмен салыстырғанда 4 есеге кеміп, екіге бөлініп қалды. Соңғы жылдары Арал суын қалпына келтіру үшін әрекеттер жасалған. Әйтсе де, аталған жоба теңіздің кіші бөлігін қалпына келтіруге ғана шамасы жетті. Екінші мәселе – аквамәдениет бойынша мамандар өте аз. Ихтиология мамандығына жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінеді. Алайда диплом алған мамандар балық шаруашылығына бармайды немесе жас мамандар тиісті біліктілікке ие емес. «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» маманы Сая Қойшыбаева да мемлекеттен қолдау күтетінін айтады: «Қабылданғалы жатқан аграрлық өнеркәсіпті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына зор үміт артамыз. Аквамәдениет саласы дамыту мен қаржыландыруға зәру».

Балық шаруашылығының басты жауларының бірі браконьерлікпен күресу де – маңызды мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2016 жылғы балық және басқа да су жануарларын аулау шегі 61,2 мыӊ тонна көлемінде белгіленді. Балық аулауға 103 мыңнан астам рұқсат берілді. Алайда, мұндай шектеулер қарақшыларды азайтқан жоқ. Жыл сайын еліміздің Батыс, Шығыс және Оңтүстік аймақтарында браконьерлік әрекеттер толастар емес. Таяуда Атырауда 1 тоннаға жуық балықты заңсыз аулаған екі азамат ұсталды. Тіпті, Маңғыстау облысында екі бірдей балық инспекторы браконьерлікпен айналысты деген күдікпен қолға түсті. Биыл балық инспекциясы 1533 табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін тіркеген. Браконьерлікпен айналысушылардан 1377 дана аулау, 222 дана жүзу және көлік құралы, 10 тонна 180 келі балық, оның ішінде 158 келі бекіре балығы тәркіленді. Оларға 24,2 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Су айдынын күнделікті торуылдау нәтижесінде иесіз жатқан 2800 аулау құралы судан алынды. Сондай-ақ, 43 құқық бұзушылық анықталып, 10 қылмыстық іс қозғалып, оның алтауы сотта қаралды.

Браконьерлік жұмыспен күрес неге кенжелеп тұр? Біріншіден, теңіз қайықтар мен шапшаң жүретін катерлер тапшы. Сондықтан солтүстік Каспий бойынша бақылау жұмыстары толық деңгейде жүргізілмейді. Әсіресе көрші елдердің заңбұзушылары аймақтағы инспекцияның осал тұсын біліп алған.  Екіншіден, жанар-жағармай үшін бөлінетін қаржы да жетіспейді. Мәселен, Атырау облысына браконьерлікпен күрес үшін жылына керекті мөлшердің 30 пайызы ғана бөлінеді. Бұл сома Жайық өзенін бақылауға ғана жетеді. Ал өңірде одан басқа Каспий теңізі мен Қиғаш өзені бар.

Қазақстан территориясында қызыл кітапқа енген балықтар – бекіре, ақсерке, шортанның кейбір түрлері сұранысқа ие. Халыққа қолжетімді сазан, дөңмаңдай, сонымен қатар, сүйегі аз, еті дәмді көксерке балығы да өтімді. Өткен жылы елде 5,5 мың тонна табан балық, 3 мың тонна көксерке, 3 мың тонна меңке және 1,9 мың тонна сазан ауланған. Дегенмен, балық шаруашылығы ішкі сұранысты өтей алмай отыр. Жыл сайын елге шамамен 27 мың тонна балық сырттан әкелінеді екен. Ішкі нарықты қанағаттандыру үшін қолдан балық өсіруді бір ізге салу керек. Былтыр 729,8 тонна тауарлық балық және 267,3 млн дана балық тұқымдары өсірілген. Алайда 2013 жылы тауарлық балықтың көлемі 811 тоннаға дейін жеткен еді.

Сарапшы Айжан Қарабаева да балық өсірудің тиімділігіне сенімді: «Сазан, ақ амур, бақтақ түрлерін өсіру тиімді. Олар асырауға қолайлы, шығыны аз, су талғамайды. Мәселен,  ірі қараның төлін өсіру үшін 2 жыл уақыт кетеді. Ал балықтың өсу мерзімі өте қысқа. Жабық су қоймаларында сазан аналығын гипофиз гармонын салу арқылы  бір жылда екі рет уылдырық шашқызуға болады.  Бір аналық 2 млн уылдырық тастап, оның 15%-ы, яғни 150 мыңы тірі қалады. Шамамен алғанда 70 мың балық өсіп шығады.  Жақсы жем, қолайлы күтім көрсетілсе, 1 жылда солардан таза 70 мың балық етін алуға болады».

Балық шаруашылығымен айналысамын деушілер үшін ғылыми кеңес беретін мекемелер бар. Мәселен, «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС балық шаруашылығының, оның ішінде гидробиология, ихтиология, аквамәдениет саласындағы барлық сұрақтарға әдістемелік-консультациялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, зерттеу институтында жасалған замануи жобалар тауарлық өнімді өсіріп-көбейтуге көмектеседі.

Қ.ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз