ЕЙ, ӨМІР!

0
199

Бибігүл ҚАЙЫРСІЛƏМҚЫЗЫ. 1975 жылы ШҚО, Үржар  ауданы,  Қаратұма ауылында дүниеге келген. 1993 жылы орта мектепті аяқтаған.

1994-2003 жылдар аралығында  колледж жəне университетте музыкалық білім алған. алды. Еңбек жолын Алматы қаласы,  Қарасай ауданы, Ақжар ауылында С.Д.Көпбаев атындағы мектепте тəрбие меңгерушісі болып бастаған. Мамандығы музыка пəні. Бірақ бала кезінен əдебиетке жақын,өлең, проза,эссе,арнаулар жазады. Бүгінгі таңда Алматы қаласының тұрғыны. Бір қыз, төрт ұлдың анасы. Ұстанымы “Оқы, оқы жəне оқы.” Саясатқа қатты алаңдайды, бірақ саясат жайлы пікірталасқа араласпайды. Əуесқой ақын болса да өлең жазбаса жүрегі ауырады. Сондай-ақ, ән жазып, ән айтып, түрлі музыкалық аспаптарды тіл бітіріп жүрген қазақтың өнерлі қызы.

   Бұл жинаққа студент кезі мен осы уақытта жазған бірнеше жан айқайы мен жүрек жырлары енгізілген. Жүрек жарды жырларын өздеріңізге ұсынамыз.

СЫН САҒАТТА

Ей, Өмір!

Енді қандай сыйың дайын?

Көрейін, басқа жаққа бұрылмайын.

Қанша тəтті, дəмдіні іздесем де.

Алдан шығар ап-ащы уың дəйім.

 

Қоя бер,тағы қандай шарттарың бар?

(Арбасын қызыл-жасыл,ақ сағымдар).

Құлағам жоқ əзірге,соқса-дағы

Оң,солым мен алдымнан, арттан ызғар.

 

Күресіңнің түрі бар тағы қандай?

Көрсете бер аямай,азырқанбай.

Сенің сыныңа келген əрбір адам

Періште емес күнадан арылардай.

 

Адам боп жаралған соң ежелгі ізден.

Адам Ата, Хауа Ана төзе білген.

Қыспағыңа ала бер қалауыңша,

Алланың қалауымен төземін мен.

 

Керек еткен нəрсенің бəрін бердім.

Не татырсаң бəрінің  дəмін көрдім.

Үш күннен соң үйретер сабағы да

Бар емес пе қараңғы қапас көрдің.

 

Мен ғана емес сынаққа жаным шыдар,

Бай мен бақсы,мырза мен қайыршылар.

Күресейін,көрейін, соңғы сəтке

Бір сыйлар Бақытың да дайын шығар!

2000 ж.

 

АНАМА

Аяулы,қасиетті Асыл Анам!

Он екі перзент сүйіп асыраған.

Жүрсем де сенен алыс  көрмей ұзақ

Өзіңнің жарқын жүзің жақын маған!

 

Сыйладың жарық өмір,ашық аспан,

Мен үшін бар бейнетті кештің бастан.

“Анашым” деп атыңды сағынғанда

Айтамын əнге қосып,жазып дастан.

 

Қызың боп қанша уайым үйіп бердім.

Тағдырымнан қаншама күйік көрдің.

Шектеусіз қарызымды өтемекке

Келеді бар бақытты жиып бергім.

 

Бала боп түсінбеппін қадіріңді.

Көпсіндім титтей бұйрық,əміріңді.

Сəл қабақ шытқаныңнан шам алып ап

Өкпелеп,арттырыппын “қадірімді”.

 

“Анашым болса екен,- деп,-дін аманда.”

Күн сайын Тəңірімнен сұранам да.

Енді ұғып қасиетіңнен айналамын,

Өйткені мен де Анамын бір адамға!

                             1996 ж.

 

ҚОС ҚҰРБЫМА

Бұлбұл боп қанша сайрасаң-дағы бағыңда,

Сүрінер жер көп,көзіңе қарап адымда.

Сыйласар досың көп болғанымен жаныңда,

Сырласар достың орны бөлек күрделі өнер жолында…

 

Сол атқа лайық абзал достарым сендерсің

Адал жандарға дос көңіл қайтіп өзгерсін?

Біріңнің күлім көзіңе қарап қуансам,

Екіншің ақыл сөздеріңменен маған жұбаныш бергенсің.

 

Кеудеме сыймас от пен жалын көп бойымда,

(“Құнсыз” біреумін кейбір топастың ойында )

Абырой сақтап, қадірлі сыйға ие боп,

Аман жүрейік құрбыларымның тойында.

 

Пейілге тоймай жүректі тілер таспалап,

Болады кейбір қомағай жандар ашқарақ .

Күні үшін жүрген қулардың ісі алдамшы,

Таза достықтың орны бірақ басқарақ.

1999 ж.

 

АЙША БИБІ ЖАЙЛЫ  ТОЛҒАУ

немесе Айша Бибі мазарындағы ой

(Əнімен)

Махаббаттың жолында құрбан еттің өзіңді,

Аңыз болып ұрпаққа атың қалды ең ізгі.

Адалдық пен пəктіктің қамал алмас қорғаны

Күллі қызға арман ғып салып кеттің сен ізді.

 

Қатыгез де қаhарлы əке сөзі тым қатты.

Теріс берген батасы қыз жүрегін сыздатты.

Перзентінің болашақ бақытына көз байлап,

Қаталдықпен шешілген өз əмірін тыңдатты.

 

Асқар таудай əкенің аттай алмай тілегін,

Дертің болды–қимасың,сүйген жарың,тірегің.

Жалын ұрса бір беттен,бір бетіңнен жел соғып,

Қасіреттен қан жылап тілімделді жүрегің.

 

Уысында əкетті қатал тағдыр уақыты,

Кете барды қолында ару қыздың ақысы.

Құшағында сүйгеннің өле алмадың армансыз,

Бұйырмады орынды – тəтті əйел бақыты…

 

Тілек айтам, құлақ сал, бүкіл қызы əлемнің!

(Пенделіктен аспаған əр адамы əр елдің)

Шүкірлік ет,бір сəт те сүйген адам жанында

Татқан болсаң бақытты махаббатын əйелдің!

 

Алмасын деп тəлкекке жалған тағдыр мазағы,

Болмасын деп қапыда қыз жүрегі жазалы.

Тербетілген мəңгілік бесігінде мазаббат

Үн қатады зарымен Айша Бибі мазары.

  2015 ж.

 

АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛУ

   (Сын сағат)

Қиналғанда қу жаным

Мен Алладан сұрадым.

Кешір, Алла, кешір деп

Кінəм болса тілімнен.

Кешір,Алла, кешір деп,

Намаз болса үзілген.

Күрілік пен күнəнің

Ізін қоймай өшір деп.

Ылайланса жүрегім

Қарайғанды кетір деп,

Бір Алладан сұрадым

Кешір, мені, кешір деп!

 

Жəидем ет деп бақырдым,

“Алла Hу!” деп шақырдым:

Жібіместі жібіт деп,

Үгілместі үгіт деп,

Жұмсармасты жұмсартшы,

Ая мені, аяшы

Бір өзіңде үміт деп…

 

Қиянатым болса егер

Бауырым мен балама.

Қарсылығым келсе егер

Атам менен Анама.

Ғайбат айьып көршіге

У сіңірсем санама

Кешір өзің бəрін де

Уа Жаратқан Бір Алла!

 

Жаббар Хакім бір Алла

Шеберлігі шегі жоқ.

Дұға менен Құранда

Қиналғанның емі көп.

Құтқарушы күмəнсіз

Жалғыз Алла -Бір Құдай.

Біз ғанамыз шыдамсыз

Пендеміз ғой, шіркін-ай!….

 

Жанымды алып қалған да.

Алла  hу мен  Алла hай!

Келтірген де тəубама —

Алла hу мен Алла hай!

Күп кеудемді басқан да  —

Алла hу мен Алла hай!

Көкірек көзді ашқан да–

Алла hу мен Алла hай!

Алла, Алла Алла hу!

Алла, Алла, Алла hай!

 2017 ж.

 

 

БАЛАМА             

Əні бар    

Тəтті балам,

Тəтті маған.

Тəңірімнен нақ сұраған

Жақсы бағам – байлығым.

Ұйқың тəтті,

Күлкің тəтті,

Жақсы көрем сені қатты

Жарық шашқан ай-күнім.

Сенсің əнім, сенсің жаным.

Өзің ғана жан гүлім

Өзің ғана таң нұрым.

Қ-СЫ:

Еркелеші бүгін

Таусылмасын жырың

Жарқырасын бақ-жұлдызың.

Күліп жүрші еркем

Жыламашы тек сен,

Тыныш болсын əрбір түнің.

 

2. Жақын жан жоқ сенен асқан

Жарқын жүзің күлім қаққан

Айнымайсың өзімнен.

Сенің үнің  ұйқымды ашқан,

Сен ауырсаң сыйқым қашқан

Бауыр етім езілген.

Өмір мəні, өмір сəні.

Бала – бақыт, бала– жыр.

Бала – жақұт, бала – нұр.

Қ-сы

 2019 ж.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз