КЕМЕҢГЕР АБАЙ – ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ

0
231

Биылғы 2020 жыл ұлтымыз  үшін рухани тұрғыдан маңызды кезең саналады. Әлемге екінші ұстаз ретінде танылған Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығымен қатар, даланың ұлы кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да ел аумағында кең көлемде тойлануда.

 2019 жылдың 30-шы мамырында – Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатындағы Жарлығы жарыққа шықты. Сол Жарлыққа сәйкес, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, мерейтойдың жалпыреспубликалық жоспары бекітілді. Ал жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде  жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы еліміздің алдағы уақытта қай бағытта жүруі керектігін көрсеткен құнды дүние саналуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев – «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында, ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлының баға жетпес құнды шығармаларын бүгінгі өмірмен байланыстыра отырып, терең ой қозғады. Мақалада жиырма бірінші ғасырда өз елімізді, туған жерімізді сүйіп-құрметтейтін Отансүйгіш жастарды баулу, елдің ынтымақ бірлігін сақтау, халыққа етене жақын әділетті қоғам орнату, өз ұлтыңды құрметтей отырып, өзге елдің мәдениетін білуге, тануға ұмтылу мемлекетшіл азаматқа тән қасиет болып табылатыны айтылады. Мемлекет басшысы сонымен бірге, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармасын көпке үлгі ете отырып, әрбір адамды өз елімізді өркендетуге үлес қосуға шақырады. Жалқаулықтан арылып, жаңа кәсіп үйренуге, масылдықтан аулақ болуға үндеп, Абайдың ұлттық концепциясы ең алдымен халқымыздың тілі мен ділін, тарихын терең білуге шақырғанын еске түсіртеді.

Болашақ ақын халық арасында ел анасы атанған Зере әжесінің мағыналы аңыз-ертегілерін естіп, сөз шебері Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өседі. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын окытуға арнап “Ескі там” деген қоныста салдыртқан медреседе сауатын ашады. Одан соң ол ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алып, 10 жасқа толғанда Семейдегі «Ахмет Риза» медресесінде үш жыл оқиды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан Абай, діни бағытта оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше де,  жетілдіруге тырысады. Бар мүмкіндігін пайдаланып, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады. Батыс пен Шығыс білімінінен қанша жерден сусындасада ол мұның барлығын бәрібір де аз көріп, көптеген туындыларды почтамен жаздырып алып оқиды.

Оның өмірін бүге-шүгесіне дейн зерттеген атақты жазушы Мұхтар Әуезов – “Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал жөне ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады”, – деп жазды өз еңбектерінде.

Абай аудармамен  шұғылданып – Александр Пушкиннің “Евгений Онегин” шығармасынан “Татьянаның хатын” және “Ленскийдің сөзін”, Михаил Лермонтовтың “Ой”, “Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз”, “Қанжар”, “Теректің сыйы” және тағы басқа өлеңдерін – казақ тілінде сөйлетті. Сондай-ақ, мысал өлеңдерінде шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерді. Оған “Масғұт”, “Ескендір”, “Әзім” сияқты шығармалары нақты дәлел бола алады.

Сонымен қатар, ұлы Абай өз заманының көріпкел саясатшысы да бола білді. Оған әкесі себепкер еді. Құнанбай баласының зеректігін ерте жастан байқап, оған жан-жақты білім беруге тырысады. Ұлын 13 жасында оқуынан алып кетіп, ел басқару жұмысына салады. Оған қоса, әкесі ел тартысында жалғыздықты сезіне бастайды. Оған еш алаңдамастан сенім артатын  адам керек болатын. Ұлы Абай дәл сондай тұлғаға айналды. Басында «барып кел, шауып келмен» жүрген жас Абай аз уақыттың ішінде жуан би, ел тартысының атқа мінері болып шыға келеді.

1885 жылы Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде 100-ден астам би-болыстың қатысуымен төтенше съезд өткізілді. Сонда төбе би болып сайланған Абайға «Семей казақтары үшін қылмыстық істерге карсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылады. Абай бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені бар-жоғы 3 күнде әзірлеп шығады. Бұл жай басқаларға оның ел басқару ісі мен құқық саласынан да зор білімге ие екенін көрсетті. Әрине танымал адамның жаулары да көп болатыны белгілі. Абайға дұшпандары тарапынан түрлі жалалар жабылып, қылмыстық істер де қозғалды. Дала кемеңгері солардың барлығын да жеңіп, ел арасында кәнігі саясаткер мен құқықтанушы екендігімен танылды.

Кемеңгер Абайдың қазақ ұлтында алар орны ерекше екендігін жақсы түсінген  атақты жазушы Мұқтар Әуезов ол туралы әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы – қазақтың тұңғыш эпопеясы «Абай жолын»  өмірге әкелді.

«Абай жолы» бүкіл дүние жүзіне, қазақ халқының ұлылығын – оның өткен тарихын, бай да қайталанбас тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық және шығармашылық дәуірлерін ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп бере алды. «Абай жолы» арқылы қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Француз жазушысы Луи Арагон  «Әлемнің басқа елдерінде онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» десе, эпопеяны оқып шыққан Бенджамен Матиф «Қазақ неткен ғажайып халық!» деп, өзін-өзі ұмыта таңырқаған. Константин Федин «Өзінің қалай қазақ боп кеткенін білмей қалғанын» айтқан. Сондықтан да әдебиет саласында,  «Л.Н.Толстойды оқымай орысты, О.Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, М.Әуезовті оқымай қазақты таныдым деу, сондай қиын»-деген мықты түсінік қалыптасты. Бұл еңбекті жоғары бағалаған КСРО басшылығы эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын, ал 1959 жылы «Абай жолының» тұтас төрт томына  Лениндік сыйлықты берді.

Заманымыздың кемел жазушысы Мұқтар Әуезов «Абай жолы» туындысы арқылы қазақ ұлтын әлемге танытса, біз сол Абай Құнанбайұлының бай туындыларын дүние жүзіне тағы бір мәрте көрсетуіміз қажет деп санаймын.

Қ.ДӘУЛЕТБАЕВ, журналист.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз