ҚАСИЕТТІ ӨЛКЕ ТҮРКІСТАН!

0
248

2018 жылы Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласы жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы болды. Қаланың облыс орталығы болуы тегіннен-тегін емес. Ол көнеде Ұлы Жібек жолының бойында орналасса, қазірде тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ал, бұл қаланың бай тарихына үңілсек, біраз құнды деректерді де кездестіреміз.

Тек біздің еліміз үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі әлемі үшін де ерекше маңызға ие қаланың тарихта көбінесе Ясы атауымен танылған. Ғалымдар оның мың жарым жылдық тарихы бар деуде, Бұл қала туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІV-ІХ ғғ. бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Тарази өз жазбаларында: «Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІ ғасырдан бастап қала орталығы Ясыға көшті», – дейді. Бұл деректерді қазіргі біздің археолог ғалымдарымыз да растап отыр.

Ал, қорық ғылыми қызметкерлердің зерттеуі бойынша, Қытай санекрит жазбаларындағы деректерге қарағанда, Түркістан қаласы біздің дәуірге дейінгі ІІ-ІІІ ғғ. өмір сүргендігі және сол кездің өзінде ірі мәдени және рухани орталық болғандығы туралы болжамдар бар. Мысалы, сол кездегі қарахандық билеушілердің осында әкелініп жерлене бастауы, атап айтқанда, Отырар билеушісі Ілияс ханның жерленуі, тіптен Сайрамда туып-өскен Ахмет Ясауидің де Түркістан жерінде тұрып, осында жерленуі жайдан-жай емес екендігін көрсетіп отыр.

ХІV ғасырда, яғни А.Ясауи кесенесі салынғаннан кейін, Түркістан бүкіл түрік тілдес халықтардың діни орталығына айналып, «Хазреті Түркістан» немесе «Кіші Мекке» атауына ие болды. Бұл болжамды орыстың атақты шығыс зерттеушісі академик В.В.Бартольд да қолдайды.

ХV ғасырда Түркістан Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына айналып, 1598 жылы ол біржолата қазақ хандығының орталығы болады. Бұған А.Ясауи кесенесі төңірегіне қазақ хандарының жерленуі нақты дәлел бола алады. Қала сонымен қатар орта ғасырдың өзінде ірі білім орталығы болып, оның мәдени өмірінде дәруіш ақындардың, ислам дінін уағыздаушылардың да шығармалары үлкен орын алады. Олардың қатарына Ахмет Ясауиден  бастап, оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Жүнеки, Жүсіп Баласағұндар жатады.

Түркістан – ер жүрек батыр қала ретінде  де танылып, моңғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда сол кезде өмір сүрген мемлекеттер мен хандықтардың жаугершілігін көрді. Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардан біздің ғасырға жеткені де осы қала.

ХVІІ ғасырдың басынан Түркістан қазақ хандығының, яғни қазақ мемлекетінің астанасы болды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын реттеу үшін Түркістаннан Ресейге, Ресейден Түркістанға елшіліктер жүріп отырған.

Түркістанның бүкіл қазақ халқының байтақ астанасы болғандығын дәлелдеу үшін Шығай, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Қазыбек, Әйтеке секілді қазақ халқының ұлдары мен Қанжығалы Бөгенбай, Тобықты, Мамай, Қоңырат Сырғақ, Нияз, Дулат сияқты батырларының құлыптастарының А.Ясауи сағанасында орналасқан.

Осындай бай тарихқа ие, атақты Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала облыс орталығы болып жариялануы барлық жағынан құптарлық іс деп айта аламыз.

Түркістан облысына келетін болсақ, ол солтүстігінде Қарағанды, шығысында Жамбыл, батысында Қызылорда облыстарымен, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Қазірде облыс тұрғындарының орташа тығыздығы 1 км²-ге 18,6 адамнан келеді және республика бойынша бала туу жөніндегі ең жоғарғы көрсеткішке (1000 адамға 22,6 сәбиден келеді) және халық санының табиғи өсуінің ең жоғары шамасына (32,5 мың адамнан астам) жетті. Облыс халқының басым бөлігін қазақтар (70,24 пайыз) құрайды, одан басқа өзбек (17,1 пайыз), орыс (7,2 пайыз), татар (1,2 пайыз), Әзірбайжан, тәжік, түрік, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сайрам, Сарыағаш ауданында тұрғындар жиі қоныстанған. Облыс тұрғындарының 47 пайызы қалада, 53 пайызы ауылда тұрады. Осы халықтың тығыз қоныстануынан, өкінішке орай  өңірде жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ал, керісінше елдің солтүстік өңірлерінде халық аз қоңыстанып, ол жерде жұмыс қолы жетпей жатқандықтан, Түркістан өңірінен солтүстік облыстарға адамдарды қоңыстандыру жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалып, ол қазірде қарқынды түрде жүргізілуде.

Облыста қазірде республикадағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған, еңбек ресурстары жеткілікті аймақ. Өңір кәсіпорындары Қазақстандағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 5,9 пайызын өндіреді. Елімізде шығарылатын трансформаторлардың 98,6 пайызын, фармацевтикалық препараттардың 70,1 пайызын, минералды және газды сулардың 51,5 пайызын, мотор майының, бензиннің 38,9 пайызын, рафинатты қорғасынның 23,6 пайызын, сыраның 23,6 пайызын, цементтің 19,7 пайызын, экскаватор, мақта талшығы, мақта майының барлығы дерлік Түркістан облысында өндіріледі. Облыс тері шикізаты, жеміс, көкөніс, жүзім, бақша, макарон өнімдерінің ірі өндірушісі болып табылады.

Облыстың өнеркәсіп мүмкіндіктерін негізінен мұнай өңдеуші және металлургия кәсіпорындары құрайды. Түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу, тамақ өнеркәсібі, әсіресе, Шымкент, Кентaу қалаларында жақсы дамуда. Облыс өнеркәсібінде 147 ірі және орта кәсіпорын бар. Мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындар: “ПетроКазахстанОйл Продактс” ААҚ (мұнай өңдеу) және “ИнтеркомШина” ААҚ (шина шығару). Металлургия өнеркәсібіндегі басты кәсіпорын “Южполиметалл” ЖАҚ (қорғасын, мырыш, т.б. өнімдер); машина жасау саласының жетекші кәсіпорындары: “Карданвал” ААҚ (автомобильдер мен тракторлар үшін кардан біліктерін шығаратын), “Южмаш-К” ЖАҚ (ұстаханалық-престеу машиналары мен қосалқы бөлшектерін шығару), “Экскаватор” ААҚ, “Кентау трансформатор зауыты” ААҚ, “Түркістан-насос” ААҚ; құрылыс өнеркәсібінен “Шымкентцемент” ААҚ; химия өнеркәсібінен – “Химфарм” ААҚ (дәрі-дәрмек өнімдерін шығару); жеңіл өнеркәсіптен “Восход” ААҚ, “Эластик” ААҚ, “Адал” ЖШС, т.б. жұмыс істеуде. Тамақ өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорындарды “Шымкент-май”, “Қайнар”, “Шымкент сыра”, “Бахус-Деронсек” АҚ-дары, “Арай”, “Амангелді” ЖШС-тері, т.б. құрайды. Сарыағаштың минералды суын шығарумен “Әсем-ай”, “Алекс” ЖШС-тері айналысады. Темекі өнімдерін JTL “Central Asіa” ЖАҚ-ы шығарады.

Облыстың ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 10,3 млн га, оның ішінде жыртылатын жер аумағы 0,8 млн. гектар.  Ауыл шаруашылығында 63,3 мың шаруа (фермер) қожалығы, 956 ӨК, 6 АҚ, 608 ЖШС жұмыс істейді. Олар жалпы респ. ауыл шаруашылығы өнімінің 12,2 пайызын береді. Ауыл шаруашылығының басты саласына стратегиялық маңызы бар мақта өсіру мен өндіру жатады. Оның егіс көлемі 170 мың га-ға (егіс көлемінің 30 пайызына) жетті. Шитті мақтаны өңдеумен жылдық қуаты 650 мың тонналық 19 мақта зауыты айналысады. Олар облыстың Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Шардара ауданында және Түркістан қалалық әкімдігі жерінде орналасқан. Егіннің орташа жылдық өнімі: бидай – 400 мың т, күріш – 10 мың т, шитті мақта – 360 мың т, көкөніс – 400 мың т, бақша өнімдері – 291 мың т, картоп – 115 мың т. 2004 ж. мал саны: ірі қара – 603 мың, қой-ешкі – 3 млн., жылқы – 119 мың, түйе – 14 мың, құс – 1,8 млн., шошқа – 22 мың басқа жетті.

Облыс экономикасының тұрақты дамуында темір жол тасымалының үлесі басым. Маңызды темір жол тармақтары: Орынбор – Ташкент, Түркістан – Сібір темір жолы. Осы темір жолдың жалпы ұзындығы 443 км-ден асады, қызмет ету шектері Шеңгелді – Арыс және Түркістан – Арыс – Түлкібас станцияларының аралықтары. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 5200 км, оның 800 км-ден астамы республикалық, 4470 км жергілікті маңызы бар жолдар. Облыс жеріндегі ірі автомагистралдар: Алматы – Ташкент, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Жуантөбе. Әуе көлігі жүйесінде “Шымкент әуежайы” ААҚ халықаралық тікелей және транзиттік авиарейстерді жүзеге асыруға қолайлы. Облыс жерінен Бұхара – Шымкент – Алматы газ құбыры, Омбы – Павлодар – Шымкент мұнай құбыры өтеді.

Облыста 931 мемлекеттік медицина ұйым, оның ішінде 542 фельдштік-акушерлік пункт, 131 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 60 ауылдық телімдік аурухана, 12 орталық аудандық және 5 аудандық аурухана, санспединстанция-эпидемиологиялық станция жұмыс істейді. Қарт адамдарға арнап “Ардагерлер үйі”, балаларға “Тау самалы” оқыту-сауықтыру орталық ашылған. Облыс аумағында елімізге белгілі Сарыағаш минералды суына негізделіп ашылған “Сарыағаш” шипажайы, “Арман” санаторийі, “Манкент” санаторий-профилакторийі, т.б. “Шымған”, “Денсаулық”, “Мейірім” сауықтыру орталықтары бар. 365 кітапхана, 9 музей, 6 кинотеатр, 6 театр (3 драма, 2 сазды, 1 қуыршақ), хайуанаттар саябағы, 366 мәдени-демалыс, 2865 спорт-сауықтыру мекемесі жұмыс істейді. Облыстық “Оңтүстік Қазақстан”, “Южный Казахстан”, “Жанубий Қозоғистон” газеттері қазақ, орыс, өзбек тілдерінде шығады. Облыс аумағында Ұлы Жібек жолы өткен көне қалалар (Исфиджаб, Иасы, Сауран, Отырар, т.б.) мен қорғандар болған. 802 тарихи және мәдени ескерткіш, оның ішінде 582 археологиялық, 42 тарихи, 11 монументтік өнер ескерткіштері; дүние жүзіне белгілі қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Түркістан қаласында орналасқан. Бәйдібек ата кесенесі, Домалақ ана кесенесі, Қарабатыр кесенесі (Бәйдібек ауданы), Арыстан баб кесенесі (Отырар ауданы), Баб ата күмбезі, Қара бура әулие кесенесі (Созақ ауданы), Қарашаш ана күмбезі, Ибраһим ата күмбезі, Қажымұқан Мұңайтпасұлының кесенесі мен мұражайы (Ордабасы ауданы) бар.

Мақта, тері шикізаттарын, өсімдік майын, жеміс-жидек, көкөніс, жүзім, бау-бақша, макарон, темекі, сыра және басқа да алкогольсіз сусын өнімдерін өндіріп, тапсыруды қамтамасыз ететін ең ірі кәсіпорындар да осы облыста. Сондай-ақ, облыста қорғасын, цемент, мұнай өнімдері, күкірт қышқылы, шифер, автотрактор шиналары, экскаватор, трансформаторлар, майлы ажыратқыштар, шұлық-ұйық, тігін бұйымдары, жиһаз түрлері шығарылады.

Облыста екі бағыт бойынша жалпы ұзындығы 445 километр темір жолдар, ұзындығы 5,3 мың километр автокөлік жолдары, оның ішінде қатты жабындылы 5,1 мың километр жол бар. Азаматтық авация ұзындығы 27000 ауа белдеулерінде жұмыс істейді. Облыс орталығы халықаралық Орынбор-Ташкент және Түсркістан-Сібір теміржол тораптарының тоғысында орналасқан. Сонымен қатар, облыс аумағы арқылы Ташкент-Шымкент-Тараз-Алматы және Ташкент-Шымкент-Түркістан-Самара автокөлік күре жолдары өтіп жатыр

Түркістан облысы – елдегі жылыжай шаруашылығын дамытуда сөзсіз көшбасшылық орынды иеленді. ҚР-дағы жыл бойы көкөніс өндіруге бөлінген аудандардың 85 пайызы да Түркістан облысына тиесілі екен. Ауа-райының қолайлығына байланысты, республикамызда ең бірінші осы өңірде көкөніс ерте пісіп, еліміздің басқа аймақтарына қарағанда алғашқы болып, диқандар өз өнімдерін еліміздің барлық түкпіріне және де жақын және алыс шет мемлекеттерге экспорттайды.

Тамшылатып суғару әдісі өңірде қарқынды дамуды. Оның аумағы 5 жылда 16 есеге дейін артқан. Соның арқасында оның республикадағы үлесі – 83-ды құрап отыр. Республика халқын жеміс-жидек өнімімен және жүзіммен толық қамтамасыз ету үшін облыста озық технологияларды енгізу, соның ішінде бақ егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағытта облыста “Бақ өсіру және жүзім шаруашылығын қарқынды дамыту арналған мемлекеттік бағдарлама да түзіліп ол өзінің оң нәтижесін беруде.

Осындай бай тарихқа ие Түркістан қаласы мен бай мүмкіндіктерге ие облыста туып-өсіп, осында тұрып жатқаныма өзімді мақтан тұтамын.

Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ,

Жетісай ауданы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз