Жәннат жерім – туған елім

0
147

Қазірде елімізде кең қолданып жүрген онлайн концерттер беру ең алдымен Италияда басталған деген деректер бар. Пандемияның негізгі соққысы осы Италияға тигендіктен, өлім-жітім көбейіп кеткен болатын. Осы жайдан ел халқының ұнжырғасы түскенін көрген өнер адамдары осындай игі іс-шараны қолға алыпты. Алғашқыда атақты адамдар өз үйлерінің балкондарында тұрып, көшедегі адамдарға арнап ән шырқайды. Уақыт өте келе олар концерттік сахналарда тұрып, онлайн концерт беруге көшіпті. Бүгінде бұл игі дәстүр бүкіл әлемді шарлап кетті. Озық технологияның арқасында тіпті екі немесе бірнеше ел өнерпаздары (әрқайсысы өз мемлекеттерінің аумағында тұрып-ақ) бірлесе концерт қоя беретін дәрежеге де жетті.

Жуырда Мақтаарал аудандық “Мақтаарал” мәдениет үйінде, өңіріміздің танымал жас әншісі Баитова Сұлушаш Тойшыбекқызының “Жәннет жерім – туған елім” атты онлайн-концерті болып өтті. Оны белгілі концертмейстр Сафронова Наталья Петровна фортепианомен сүйемелдеп отырды.

Қос өнерпаз да бүгінгі таңда Атакент кентінде орналасқан “Мақтаарал” мектеп-гимназиясында ән-саз пәнінен ұстаздық етеді. Сұлушаш Баитова ұлттық әндерімен қатар, әлемдік классиктердің де туындыларын нақышына келтіре орындады. Концерт кезінде С.Баитова опералық туындыларды да шебер шырқады. Ол “Мақтаарал” мектеп-гимназиясынан бұрын Жетісай драма театрында біршама уақыт опера әншісі болып жұмыс істегені әлі көпшіліктің есінде. Өз кезегінде концертмейстр Сафронова Наталья Петровна да тәжірибелі маман саналады. Ол талай жастың өнер әлеміне жолдама алуына себепкер болған.  Қос шебердің арқасында көпшілік рухани тұрғыдан байығаны анық.

Айта кетерлігі “Мақтаарал” мәдениет үйі короновирус індеті басталғалы бері аудан әкімдігімен бірлесе отырып, “#BizBirgemiz” акциясы аясында осындай мәдени іс-шараларды жиі өткізіп, көпшіліктің ризашылығына бөленуде.

Қ.ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз