ЖҮРЕКЖАРДЫ ЕСКЕ АЛУ

4
567

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қаратұма ауылының тұрғыны әкем Мұстафа Жақыпбекұлы мен анам Қайныш Баймұхаметқызы бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі де өнегелі отбасы. Анам мен әкемнің мейірімге толы жүрегі қанатының астына қамқорлыққа алған балапандарына да жылу шапағатын төккенін елі емірене еске алады.

«Білім – өмір шырағы» деген ұстанымды қатаң ұстаған әкем мен анам үнемі салиқалы да сауатты азамат болып өсуімізді қадағалап отырды. Оны біз мақтанышпен айта аламыз. Бала тәрбиесін басты орынға қойған әкем ұлағатты ұстаз болып, сан шәкірттерді алтын ұясынан ұшыруда ерен еңбек еткенін бүгінде мектеп ұжымы мақтанышпен айтады. Бұл, әрине біз үшін де мақтаныш.

Өкінішке орай, әкем дүниеден ерте озды. Әкем Мұстафаның мына фәни дүниені тәрк етіп, мәңгілік мекенге аттанғалы да дәл осы мамыр айында 31 жыл уақыт өтті. Әкем мен анамды еске ала отырып, әкемнің анасы Озифа әжеме арнап жазған жыр жолдарын барша оқырманмен бөліскім келді. Әркімнің де анасы бар. Барша Аналар қауымына арналғандай осы бір жыр жолдары жүрегіме тым жақын. Қолынан қаламы түспеген, жүрегі жырға тұнған әкемнің анасына деген сағынышын, құрметін дәл осы жыр жолдарына сыйдырғаны көрініп тұр. Осы бір өлең жолдары менің жүрегімнен бір сәтке шыққан емес…

Әрине, бір көңіл жұбатарлығы әкемнің «Күңгей» атты жыр жинағы бүгінде балаларының бойтұмарына айналғандай. Әр жолын оқыған сайын әкеммен тілдесіп отырғандай күй кешемін.

Бақұл бол, асқар Әке, аяулы Ана! Біз Сіздерді жақсы көреміз. Сіздей әкені дүниеге әкелген асыл әжемнің жатқан жері жайлы болсын!

Жан АНАМ!

Жан анам менің

Жаралған ба едің жалыннан.

Мейірімің ыстық

Мейірімің ыстық неғылған?

Тұлғаңа биік

Басымды иіп мың есе,

Өмірден дара

Өзіңе ғана табынам.

 

Жан анам менің,

Жаралған ба едің болаттан.

Селт етпес жаның

Шашса да зәрін он ақпан.

Құндақтай жылы

Күн батпай нұрлы жүзіңнен,

Көзіңде үміт,

Көңіліңнің күліп таңы атқан.

 

Жан анам менің

Жаралған ба едің жібектен

Жүрегің көктем,

Ұлы өмір екен, гүл еккен.

Қатпарлы жүзің

Әжімнің ізін жосылтып,

Жайып сап сырын

Бақытың, мұңың жыр еткен.

 

Жан анам менің,

Жаралған ба едің от нұрдан.

Кезің жоқ тіпті

Мұқалып ойың тот тұнған.

…Секілді-ау бейне

Табиғат-шебер өзіңді

Асылдың барлық

Қоспасынан соқтырған!

Еске алушылар: Алдажаровтар әулеті атынан кенже баласы Қайрат Мұстафаұлы.

2020 жыл мамыр айы.

4 ПІКІРЛЕР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз