ЖЫРЫМ МЕНІҢ…

0
183

ӨНЕР МӘҢГІ ӨШПЕЙДІ

Өнер үйрен, өнегелі із қалдыр,

Шабытыңнан шуақ алсын бар ғалам.

Ұсынғанда бақыт, байлық, өнерді,

Ғұламалар тек өнерді таңдаған.

 

Бақыт деген бойыңдағы өнерің,

Өнеріңмен өлшенеді дерегің.

Қолынан бір іс келмейтін адамның,

Болмас, сірә, ешкімге де керегі.

 

Ал, байлық ше? Ол туындың қолдағы,

Армандарың болар бәлкім алдағы.

Құнды болар, маңдай терің, еңбегің,

Жақұттан да тауып алған жолдағы.

 

Уақыт сырғып, жылдан жылға көш мейлі,

Ғасыр өтсін. Өнер мәңгі өшпейді.

Ән менен күй, салған сурет, бұйымдар,

Сөресінен бұл өмірдің түспейді.

 

 

ЖҰБАТУ

(Бауырыма)

Өмір барда кездеседі көп асу,

Бар алдыңда әлі талай адасу.

Тек жоғалтпа үмітіңді, бауырым,

Керегі жоқ жасықтыққа жанасу.

 

Жасты босқа жанарыңа үйірме,

Ақыл қосқын ақылыңа, түйінде.

Алар әлі үлесің көп өмірден,

«Лағнет» айтып тағдырыңа, күйінбе.

 

Мұң иектеп артпа азап жаныңа,

Налыма құр жасыл жаның қамыға.

Бұл күндердің күз пердесін ашқанмен,

Жаз да келер жайма шуақ тағы да.

 

Көрмей жатып елудің де жартысын,

Асау тағдыр көрсетті-ау талқысын.

Жұбатамын. Менде басқа дәрмен жоқ,

Шыбын жаның шырқыраса жан қысым.

 

Әрбір таңнан үміт күтші асыға,

Өткен күндер оралмасын басыңа.

Дос орныңа досың да боп көрейін,

«Досым жоқ» деп, күнім менің, жасыма.

 

Аралары бақ пен сордың бір адым,

Сенімменен өмір сүрші, шырағым.

Дертіңе тек шипа берсін, Жаратқан,

Денің сау боп, шауып кетші, пырағым.

 

ЖЕЛБІРЕСІН ТӘУЕЛСІЗДІК БАЙРАҒЫМ!

Қазақстан– киелі құт мекенім,

Мәңгі жырлап мен өзіңді өтемін.

Мойындайды барлық елдер елімді.

Құрлықтағы жер кіндігі екенін!

 

Қазақ елі, биік болсын тұғырың!

Отан деген мәні терең  ұлы ұғым.

Артқа тастап, талай зұлмат жылдарды,

Белестерді бағындырған, ұлығым!

 

Желбіресін Тәуелсіздік байрағым.

Қазақстан – жаса мәңгі, жайнағын,

Қымбат маған тау мен тасы жерімнің,

Дархан далам, кең жазира байтағым.

 

Тәуелсіз ел – бақытым мен байлығым,

Мәңгілік ел қанатын да жайды мың.

Ұлы елдің жеті қырын айқындап,

Бағдар етті болашақтың айдынын.

 

БАБА, СІЗГЕ МҰҢ ШАҒАМЫН БҮГІН МЕН

(Батыр рухымен сырласу)

Шабытымды шырпы қалам түртті ме,

Жырларымды бозала таң  күтті ме?

Шимайладым ақ қағаздың бетіне,

Жылауық-сыр жанарымды сүртті де.

 

Біреу айтты жастарымыз жасық  деп,

Өсу үшін «пара бергін, асық» деп.

Санамыздың таза мөлдір тұнығын,

Шайқап кетті ұйытқыған «пасық» леп.

 

Баба, сізге мұң шағамын бүгін мен,

Екіжүзді ессіздерден түңілгем.

Елі түгіл, ертеңімен ісі жоқ,

Ұрпағың жүр бөтелкеге үңілген.

 

Көптеу шығар, Баба, қояр сұрағың.

Темір болды ер қанатың –  Шұбарың,

Тайшықтардан қорғап қалған жеріңнің

Жоғалуда жасыл желек құрағы.

 

Аналарым тастаған  ақ жаулығын.

Бұрым менен жоғалтты шашбау құнын.

Өзге ұлттың барады жетегінде

Шалбар киген бүгінгі Гүлбаршының.

 

Батыр бабам, сізге айтар мұңым көп,

Төл тілімнің тірілетін түрі жоқ,

Өз тілімді жоғалтудан қорқамын.

Жаңа сөздер еніп жатыр құны жоқ.

 

Мұңмен бірге туды жаңа жыр-ағын,

Бабам жолы –  рух беретін ұраным.

Ұрпағыңа  адалдықты  серік ет,

Имандылық болсын елдің тұрағы!

 

АНАҒА ХАТ

(Әнін жазған Арайлым Саттарова)

Жазса да бұл тағдыр сынағын мың,

Жүрегің жауқазын, құрағың гүл.

Өлеңмен өзіңе хат жолдаймын,

Жүз жаса, анашым, жыр-алыбым!

Қайырмасы:

Анамның ұйқысыз  түні  үшін,

Бейнетпен өткерген күні үшін.

Күш-қуат беретін үні үшін,

Анама бас иемін,

Бақыттың гүлі үшін!

 

Әрдайым жанардан тарайды нұр.

Тең келмес өзіңе арайлы күн,

Сіз көрген тауқымет түсер еске,

Көргенде ағарған самайды бұл.

 

Адалдық ақ ниет бастау алған,

Денсаулық берсінші сізге Аллам,

Адамдар бақытты бұл өмірде,

Ананың ақ сүтін ақтай алған.

 

АТА РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

Жылдар мен күндер зымырап желдей еседі,

«Уақыт емші жазады бәрін»–  деседі.

Әке атанды ұрпақтарыңыз бүгінде,

Әкесін іздеп шырқырап қалған кешегі.

 

Еске алар апам сол ызғарды күздегі,

Өткен күндердің жүректе қалған іздері.

Елестетер көз алдына атасын,

Немерелерің сағыныш толып жүздері.

 

Өмірдің сірә, таусылған емес сынағы,

«Артында бардың сөнбейді» – дейді шырағы,

Қос  ұлыңыз ержетіп міне, үй болды,

Әкеге арнап Құран бағыштап тұрады.

 

Біздер өстік тағдыр өтінде, атасыз,

Іздейді кейде ұл-қызым ата батасын.

Уа, Жаратқан, перзенттеріме бақыт бер,

Немерелерім көріп өссінші атасын.

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз